“Орхон ескерткіштерінің толық атласы” жарық көрді Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық кітаптың тұсаукесері өтті. Авторы түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. Кітапқа бірнеше рет алып империя құрған бабаларымыздың 2-3 мың жыл бұрынғы тарихы мен дүние танымын, бүтіндей түркілік болмысын айқындайтын көне таңба-жазулары енгізіліп отыр.
Автордың айтуынша, бұған дейінгі алғашқы атласты осыдан 120 жыл бұрын В.Радлов жасаған екен. Ол атласта руника яғни бітіг жазуымен жазылған үш-төрт көне ескерткіш қамтылған. «Радловтың бұл атласы расын айту керек, Томсеннің еңбегі болатын. Ол ашқан дүниесінің барлығын «мынаның құпиясы былай екен, әр таңбаның мәні осындай, былай оқылып, былай таңбаланады екен!» деп өзінің жақын досы В.Радловқа хат арқылы жіберіп отырған. Радлов өз кезегінде ұстазының рұқсатын алмастан мәтіндерді өзінше оқып, атлас қылып жариялап жібереді. Бұдан кейін Мелиоранскийдің түркология туралы көлемді еңбегі жарық көрді. Бұдан басқа түркі дүниесіне қатысты толық қанды дүние жасалмай келген еді. Жасалғандарының барлығы да тікелей мәтіннен алынбады. Түпнұсқадан емес сөздік бойынша оқылып, сол дәуірдегі қолданыстыға сөздіктер бойынша жасалған дүниелер. Еңбектердің барлығы да ұйғыр қарпімен жазылған кітаби тіл негізінде қаралды. Сол себепті, ол кездегі зерттеушілердің барлығы да ескерткіштегі жазуларды «ұйғыр тілі» деп келді. Әрі ол кезде Махмут Қашқаридың сөздігі әлі табылмаған, яғни «түркі әлемі» деген ұғым әлі қалыптаса қоймаған еді. Ал бұл еңбек таза түпнұсқа негізінде жасалған дүние. Оларды түпнұсқада зерттеп, аударып, тілдік түсіндірмесін, тарихи маңыздылығын саралап түсіндіре зерттедік. Осылайша бұған дейін шетел ғалымдарының жазбасы арқылы ғана оқып-біліп келген жаңсақ ақпараттарды енді түпнұсқадан оқуға мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар бұл кітапта 2-3 мың жылдық тарихымен қатар, ұлттық дүниетанымы, көне архитехтурасы бар деуге болады. Сонымен қатар, діндік, ділдік, ұлттық таным, ұлттық философия, ұлттық этнография тұрғысында қарастырдық. Бұл қазақ халқының көне мұрасы. Оған ешкім таласа алмайды дегенді айтқымыз келді», – дейді еңбек авторы.