“Орхон ескерткіштерінің толық атласы” жарық көрді Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық кітаптың тұсаукесері өтті. Авторы түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы. Кітапқа  бірнеше рет алып империя құрған бабаларымыздың 2-3 мың жыл бұрынғы тарихы мен дүние танымын, бүтіндей түркілік болмысын айқындайтын көне таңба-жазулары енгізіліп отыр.

Автордың айтуынша, бұған дейінгі алғашқы атласты осыдан 120 жыл бұрын В.Радлов жасаған екен. Ол атласта руника яғни бітіг жазуымен жазылған үш-төрт көне ескерткіш қамтылған. «Радловтың бұл атласы расын айту керек, Томсеннің еңбегі болатын. Ол ашқан дүниесінің барлығын «мынаның құпиясы былай екен, әр таңбаның мәні осындай, былай оқылып, былай таңбаланады екен!» деп өзінің жақын досы В.Радловқа хат арқылы жіберіп отырған. Радлов өз кезегінде ұстазының рұқсатын алмастан мәтіндерді өзінше оқып, атлас қылып жариялап жібереді. Бұдан кейін Мелиоранскийдің түркология туралы көлемді еңбегі жарық көрді. Бұдан басқа түркі дүниесіне қатысты толық қанды дүние жасалмай келген еді. Жасалғандарының барлығы да тікелей мәтіннен алынбады. Түпнұсқадан емес сөздік бойынша оқылып, сол дәуірдегі қолданыстыға сөздіктер бойынша жасалған дүниелер. Еңбектердің барлығы да ұйғыр қарпімен жазылған кітаби тіл негізінде қаралды. Сол себепті, ол кездегі зерттеушілердің барлығы да ескерткіштегі жазуларды «ұйғыр тілі» деп келді. Әрі ол кезде Махмут Қашқаридың сөздігі әлі табылмаған, яғни «түркі әлемі» деген ұғым әлі қалыптаса қоймаған еді. Ал бұл еңбек таза түпнұсқа негізінде жасалған дүние. Оларды түпнұсқада зерттеп, аударып, тілдік түсіндірмесін, тарихи маңыздылығын саралап түсіндіре зерттедік. Осылайша бұған дейін шетел ғалымдарының жазбасы арқылы ғана оқып-біліп келген жаңсақ ақпараттарды енді түпнұсқадан оқуға мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар бұл кітапта 2-3 мың жылдық тарихымен қатар, ұлттық дүниетанымы, көне архитехтурасы бар деуге болады. Сонымен қатар, діндік, ділдік, ұлттық таным, ұлттық философия, ұлттық этнография тұрғысында қарастырдық. Бұл қазақ халқының көне мұрасы. Оған ешкім таласа алмайды дегенді айтқымыз келді», – дейді еңбек авторы.

Ұлттық академиялық кітапханада «Отандастар» оқу залы ашылды

Кеше, 27 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Отандастар» оқу залы ашылды. Рухани орданың ашылуы «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен жүзеге асты. 

Шара басталмас бұрын кітапханаға келген оқырмандар мен қонақтарға сурет көрмесі ұйымдастырылды. Әлем сұлулығын қылқаламмен бейнелеген атажұртқа қытай елінен келген қандас бауырларымыз Толқын Табысбек, Зерде Бақытбек, Қайрат Жәйірбекұлы, Жалын Бауырқан шығармашылығын көрермен қауым жоғары бағалады.

«Отандастар» оқу залының ашылу салтанатына профессор, жазушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков, «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов, белгілі қаламгер Сұлтан Оразалин, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы және журналисттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бас қаламызда «Отандастар» оқу залының ашылуы қазақ руханиятына сүбелі қазына болып қосылған шоқтығы биік шара болды. Алтай мен Атырау арасындағы қаламы қарымды, ойы жүйірік қазақ қаламгерлерінің кітап қорына тағы бір сарқылмас қазына қосылды. Қазақ мәдениеті мен өркениетінің дамуына қуанған оқырман қауымның қуанышында шек болмады. Арқаның қара тасты қаңбақтай жерден ұшырар боранына қарамай, еңкейген кәріден жасөспірім балаларына дейін рухани жиынға тегіс жиылды.

Әлем қазақтарының шығармалары жиылған оқу залында «Қазақ әлемі» – «Мир казахов» кітабының электрондық нұсқасының тұсаукесері өтті. Ұлттық академиялық кітапхана аясында, «Отандастар» цифрлы кітапханасы құрылғаны жөніндегі ақпарат оқырман қауым көңіліне және бір мәрте қуаныш сыйлады. Қазірше кітап қоры 2000 кітаптан асқан «Отандастар» оқу залына әлі де том-том кітаптар сыйға тартылатынына сенім мол. «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Отандастар» оқу залын ашу бастамасын қолдаған Ұлттық академиялық кітапхана ұжымына мың алғыс.