ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ТУРАЛЫ
20 ДЕРЕК

  1. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.
  2. Кейбір деректерде Шәкәрімнің шын есімі «Шаһкәрім» деп беріледі.
  3. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін сабақ пен тәлім алады.
  4. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді.
  5. Жеті жасында әкесі Құдайберді қайтыс болып, жетім қалады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «Қажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап Абайдың тікелей тәрбиесінде болып, өлең сөзге бейімділігін танытады.
  6. 20 жасында елінде болыс болады. 1881 жылы Абайдың ақылымен болыстықты Оспанға өткізеді.
  7. 1905 жылы Шәкәрім қажылық сапар шекті.
  8. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Сол сапарда жинаған мағлұматтар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ хандар шежіресі» кітабын жазады.
  9. 1909-1910 жылдары ақын елден жырақтап, оңаша елсізге кетіп, оқу, ойлау, жазумен болған. Ол елсіздегі қорада жалғыз жатады. Бар шаруасын өзі істейді.
  10. Домбыра тартып, гармоньда ойнаған. Ән айтып, саятшылық құрған, сурет салып, өмірін ғылымнан өзге осындай өнер түрлеріне арнаған.
  11. Өзі ән айтумен қатар 14 жасынан бастап ән шығара бастады, түрлі аспаптарда ойнауы былай тұрсын, ағаштан ойып мандалин, қобыз сынды аспаптарды жасады, қолданбалы өнермен шұғылданып, тіпті киім тікті.
  12. 73 жасында ақын жазалаушылар атқан оққа ұшырайды. Бұл сұмдық уақиға 1931 жылы 2 қазан күні болған. Шәкәрімнің денесі жапандағы құр құдықта көмусіз отыз жылдай жатады. Кейін ғана, жазалаушы отрядтан аман қалған Ахат деген ұлы, Шәкәрімнің денесін арулап, дұғасын оқып, жерлейді деген дерек бар.
  13. «Халық жауы» ретінде айыпталып, бірнеше жыл бойы шығармаларын оқуға тиым салынады. Тек 1988 жылы ғана ақын есімі толық ақталды.
  14. Тап сол жылы-ақ (1988 ж.) қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды.
  15. Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сынды дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. Сондай-ақ, «Қазақ айнасы», «Үш анық», «Мұсылманның шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» шығармалары жарық көрді.
  16. Ол орыс, Батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың шығармаларын аса жоғары бағалап, өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санады. Онымен хат жазысып тұрды. Шығармаларын қазақ тіліне аударды.
  17. Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған.
  18. Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс. Оның «Музыкалық этнография» атты жинағының ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді.
  19. Шәкәрімнің әндерін өзінен үйренгендердің ішінен көпке танымал әнші Қабыш Керімқұлов болса керек. Ал қазір Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы, жанашыр іздеушісі әрі орындаушысы әнші Келденбай Ұлмесеков. Ол ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ақынның біраз әндерін жинастырып, жарыққа шығарды, қазақ радиосының Алтын қорына жазғызды.
  20. Бүгінде Семейде «Шәкәрім» және «Шәкәрім әлемі» атты екі бірдей журнал жарық көреді. — с Умутхан Муналбаевой и Оңай Мырзағалиевой.

МАҚАЛ-МӘТЕЛ

Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).

Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).

НАҚЫЛ СӨЗ

Нақыл сөздер (Афоризмдер)- күрделі мәселeлерді терең ете дәл жеткізетін ой шалымы кең, қысқа қайырымды шешен сөз. Ол – көп қырлы, түйіндеуге бай, көркемдік дәрежесі жоғары сападағы, қанатты сөз айшығы данышпан ақылдың төзінен, ой көзі айқын керінетін сөз жасаушы ұлы шебердің мүсіндеуінен шыққан іші – алтын, сырты – күміс сөз төресі. Нақыл сөздер үлгісі қазақ әдебиетінде ерте көзде-ақ ауызекі тіл өнерге, өнегеге айналған шақтан бері қалыптасқан. Олар мақал-мәтелдермен қатар туып отырды. Әдетте, бұл нақыл сөздер ел аузында белгілі кісілердің атымен бірге жүрді, ал авторы ұмытылған сөздердің өзі де тарихи кісілердің атын жамылып отырды. Бұлай сақталу нақыл сөздердің бірден-бір өзіндік ерекшелігі болып табылады. Жазба әдебиетімізде нақыл сөздердің бай негізін өзінің дидактик. шығармалары арқылы Абай жасады. Шын мәнінде, Абайдың нақыл сөздер көздейсоқ, жәй бір құбылыстар емес, заңды, тарихи қажеттіліктер негізінде туған тұтас дүние. Дидактик. поэзияны шығыс әдебиеті ертеден бастаған. Бұл Таяу Шығыстың Ұлы ойшыл ақындары Фирдаусидың, Низамидың, Сағдидың, Науаидың, Жәмидың шығармаларында туды. Тіпті ислам үгітшілерінің (зәруіштердің) нақыл сөздерге құрылған шығармалары да Таяу Шығыста кең көлемде тарағанды. Олардың діни білімі де, заң, право негіздері де т. б. кітаптары да өсиет, үгіт сарынында, шешен тіл тапқан поэзия үлгісінде жазылды. Қазақ әдебиетіне келсек, оның жазба әдебиеті басталған 19 ғасырдың 2-жартысында қазақ халқының мәдени дәрежесі (әдебиеттің мәдени дәрежесі) өзіне әдебиеттің қызмет етуінің дидактик. үлгісін біршама керек еткен кезеңде туды. Сол тұста әдебиетке қоғамдық сипат беріп, сол арқылы күреске тұскен Ы. Алтынсаринның да, А. Құнанбаевтың да шығармаларында бұл заңдылық көрінбей қалған жоқ. Алтынсаринның әдебиеттік еңбектері өзінің педагогтығымен бір сипатта дидактика үлгісіне құрылды. Әдебиетте өз тұстастарынан бір дәуір ілгері кеткен Абай қазақ топырағында шын мәніндегі нағыз көркем поэзияны жасай отырып, бұл заңды талапқа кең бұрылыс жасады. Сол бір көздегі қазақ халқының өміріне еншілес болған қараңғылық пен надандық ақын қаламын поэзияның ұлгілі нүсқаларын жасау жолынан әр кез қақпайлап, ондай дүниелікке дәйімі даяр күйіндегі аудитория, оқушы бола алмайтынын танытып отырды. Данышпан ақын осы бір тарихи шындықтың шегінен асып кете алмады. Басқа емес, дәл осы тарихи шындық Ұлы ақынды поэзияның озық үлгілерін жасауға үнемі бой ұрғыза отырып, заманның өрісі жеткен әдеби үлгіні қару етіп, тар өрістіліктің негізгі тамыры – надандыққа соққы беруге бастап әкелді. Мәдениетте, ой-санада, жалпы қоғамда артта қалған халықтың ұзақ ғасырлық самарқаулықпен керітартқан, өмірдің басқа да жақтары, жолдары бар деп білмеген түсінігіне қозғау салу үшін, құлақ түбінен дауыстап, таза ақыл күйінде үгітші, насихатшы, өнеге үйретуші болуға бой ұрғызды. Осы тұрғыда Абайдың нақыл сөздер ақынның арман еткен білім-тәрбие, еңбек, бірлік, адамгершілік т. б. сан алуан тақырыптардағы өлмес пікірлерінің бұзылмас формасы, айнымас мазмұн тапқан үлгілері. Абай нақыл сөздернің тақырыбы – оның тұтас шығармасына тән дүниелер. Олар ақынның өз шығармасында берген асыл ойларының, пікір түйіндерінің сығынды нәрлерінен құралған. Ақын шығармаларындағы нақыл сөздерді: өнер-білім, тәрбие, еңбек туралы; достық, адамгершілік, сүйіспеншілік туралы; адам мінездері туралы; философиялық; өнер туралы деп жіктеп, топтастыруға болады.Нақыл сөздер: Қарға тамырды қазақпыз. Сұраса келе қарын бөле болып шығамыз.

Өз жұрттың – күңшіл, Нағашы жұрттың – сыншыл, Қайын жұрттың міншіл келеді.

Қартың болса, жазып қойған хатпен тең.

Немере етін жеп, сүйегін қалдырады.

Өз балаңды өскенше бағасың, Немереңді өлгенше бағасың.

Екі аяқтыда бажа тату, төрт аяқтыда бота тату.

Еркек сергек ұйықтаса, ырыс бітеді, Әйел сергек ұйықтаса, жұмыс бітеді.

Ағасы бардың жағасы бар, Інісі бардың тынысы бар.

Ұлың өссе, ұлы жақсы мен ауылдас бол Қызың өссе,қызы жақсымен ауылдас бол.

Ағаның үйі – ақ жайлау.

Қонақ асына емес қабақ – қасыңа риза.

Қонақ жаман болса, үй иесі қалдырады, Үй иесі жаман болса, қонақ қыдырады.

Келінің жаман болса, ұлыңнан көр. Күйеуің жаман болса, қызыңнан көр.

Ең алғашқы қазақша кітап

Қазақ тілінде кітап басып шығару ісінің 200 жылдан астам тарихы бар. Кітаптар бастапқыда арабша, аз уақыт латын қарпімен, ал 1939 жылдан бастап кирилл қарпімен шыға бастады Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген қазақ тілін латын графикасына көшіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 1929-1942 жылдары латын қарпімен шығарылған кітаптардың көрмесі ашылды. Көрмеге түрлі жанрдағы кітаптар, балалар мен көркем әдебиет және де басқа да түрлі салалық бағыттағы басылымдар қойылған. Ол уақытта балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында балалар әдебиетін, ашық, қанық бояулармен шығарған. Кітаптардан басқа көрмеге сол уақытта шыққан мерзімді басылымдар, газеттер, журналдар қойылған. Мысалы, сол кездің танымал авторлары басылып тұрған «Әдебиет майданы» журналының тігіндісі. Олардың ішінде Жамбыл Жабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов. Лев Толстой, А. Пушкин, Марк Твен, Жюль Верн, Лермонтов және басқа да әлемдік классика жауһарлары қазақша аударылып, латын графикасымен басылған. Көптеген шығармаларды сол кезде Кенжебаев аударған екен. Ал А.С.пушкиннің шығармаларын танымал ақын Сағи Жиенбаев аударыпты. Қазіргі уақытта кітапхана қорында көрсетілген кезеңде латын қарпімен басылып шығарылған 1000-нан астам кітап бар. Басқа халықтікі сияқты қазақ жазуы да өз дамуында бірнеше кезеңдерді бастан өткізді. Қазақ жерінде бірнеше ғасырлар бойы араб графикасы үстемдік етті. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынов оны жеңілдетіп, тұңғыш «төте жазу» әліпбиін жасады. Өкінішке орай, бұл нұсқа тек 1929 жылға дейін ғана қолданылды. Бірақ, Иранда, Ауғанстанда тұрып жатқан біздің қандастарымыз әлі күнге дейін Ахмет Байтұрсынов бабамыздың осы әлібиін қолданады. 1929 жылы латын графикасына көшіріле бастады. Бұл бір қиын кезең еді: сауатсыздықпен күресу, сауатсыздықты жою. 1929 жылдан бастап шала сауаты барлар мен бастауыш топтарға арналып «Әліпби» шығарыла бастады. Көрмеге 1929-1933 жылдары латын қарпімен жазылған тұңғыш кітаптар да қойылған. «Әдебиет», «Қазақ тілі», «Тіл мәселелері», «Сауат ашу методикасы» басылымдары және басқа оқу құралдары мен хрестоматиялары сауатсыздықпен күресуге бағытталды. 1936-1938 жылдары кітаптар жаппай басылып, таратылғанын көруге болады. Кирилл қарпіне ресми өткеніне қарамастан 1942 жылдың аяғына дейін кітаптар латын қарпімен шығып тұрған. 1942 жылы латын графикасымен техникалық, жаратылыстану, гуманитарлық ғылым бойынша кітаптар шығарылғанын көрмеден көруге болады. 1929 жылдан 1942 жылға дейінгі аралықта әліпби де біраз өзгерістерге ұшыраған. 1936 жылға дейін «Физика» «П» арқылы жазылса, 1936 жылдан бастап «Ф» арқылы жазыла бастаған. ХХ ғасыр басындағы әдебиет арасында діни мазмұндағы шығармалар ерекше орын алады. Көрмеге арабшадан аударылған 1907 жылғы Қасиетті Құран, аудармалы күнтізбе қойылған. Күнтізбе 1913 жылы Қазан қаласында татарша басылып шығарылған. Діни мазмұндағы кітаптарда Құран сүрелері мен аяттары, түсіндірмелері келтіріледі, діни мерекелер аталады. 1917 жылы Петроградта «Мусульманский мир» («Мұсылман әлемі») журналы шығып тұрған, онда қазақ халқының мәдениеті туралы түрлі ақпарат басылған. Сирек кітаптар музейінде түркі халықтарының жазу тарихы бойынша бай материал жинақталған. Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, «Сейпіл Мәлік» қазақ тілінде тұңғыш басылған кітап. Ол 1807 жылы қазақ тіліне аударылып, Қазанда басылып шыққан. Қазақ кітаптарының шежіресі өз бастауын «Сейпіл Мәліктен» бастайды. Алайда, белгілі зерттеуші Тұрсын Жұртбай бүгін тағы бір кітапты ашты. Ол 1806 жылы, бір жыл бұрын шыққан. Бұл – XVIII ғасырдағы өзбек ақыны Сопы Аллаярдың қазақ тіліне аударылған жыр жинағы. Кезінде Абай Сопы Аллаярдың жырларынан дәйексөздер келтірген. Кітаптың түпнұсқасы Уфада, Башқұртстан ұлттық кітапханасында сақтаулы. Кітапхана басшылығы Башқұртстан ұлттық кітапханасына барып, басылымның факсимильдік көшірмесін алуға келісім жүргізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның кітап ісін зерттеумен белгілі зерттеушілер айналысуда. Бұл – бізде жас ғылым. Кезінде бұл аз зерттелген немесе жасырын қалған ғылым болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана осы мәселені жан-жақты зерттей бастадық. Қазір бұның бәрі де жас ұрпаққа қолжетімді.