“Әлемнің екінші ұстазы” атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы

Биыл елімізде Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қаулы қабылдап, мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Өз кезегінде мем комиссия мерейтойды атап өтудің республикалық деңгейдегі жоспарын жасап шықты. Онда республикалық және өңірлік деңгейде өтетін 50-ден астам іс-шара көзделген. Бұлардың ішінде халықтық барлық буынын қамтитын арнайы жобалар, ғылыми талдаулар, қоғамдық маңызды және мәдени-бұқаралық іс-шаралар бар. Сондай-ақ, Астанада ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО аясында Әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми симпозиум өткізіледі деп жоспарланып отыр. Оған отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары және тағы басқа шақырылады. Айтпақшы, Түркістан облысында арнайы арт-фестиваль ұйымдастырылып, оның аясында қолөнершілердің жәрмеңкелері, ұлттық ойындар бойынша жарыстар мен мерекелік концерттер өткізілмек. ЮНЕСКО-ның атсалысуымен гуманитарлық білім саласындағы әлемнің жетекші сарапшылары қатысатын халықаралық конференция өткізу жоспары тағы бар.
Қазақ топырағынан шыққан ұлы данышпанның толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби. Әл-Фараби бабамыз 870 жылы қазіргі Отырар деп аталатын Фараб қаласында дүниеге келіпті. Бұл қала кейіннен арабтардың ықпалымен “Барба-Фараб” деп аталып кеткен. «Сол себепті «әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшылды Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған» дейді зерттеушілер. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әл-Фараби дәулетті отбасынан шыққан. Әкесі әскербасы болатын. Ештеңеден кемдік көрмей өскен айрықша дарын иесі Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өскен. Алғашында Бұхарада, Самарқанда білім алады, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында зерттеумен айналысқан. Ақыры Бағдад қаласында тұрақтап қалады. Бұл жерде 20 жылдай тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Содан кейін Шам жеріне (Бағдад) қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады. “Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген”, – дейді профессор Жақыпбек Алтайұлы. Әл-Фараби осындай үлкен ізденістерінің арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанады. Яғни философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», «Метафизика», «Аналитика» секілді көптеген еңбектерін түсіндірген. Яғни грек тілінде ғана дамып жатқан ғылымның араб, парсы, түрік тілдерінде тәпсірін жасайды. Сонымен қатар, Аристотелдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын түсіндіріп қана қоймай дамыта білген адам. «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Музыка туралы үлкен трактат секілді көптеген философиялық еңбектер жазды. Жалпы саны 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Мемлекет, ел басқару жөнінде ғажап тұжырымдар жасай алған. Дамаск қаласында жазып шыққан «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты шығармасында ол қала басшыларын «қайырымды» және «надан» деп екіге бөледі. Әрі қарай «қала тұрғындары қай кезде бақытты болады?» деген мәселеге үңіледі. «Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді. Сондай-ақ адамның мінез-құлқы да жақсы болуы керек”, – дейді Жақыпбек Алтайұлы. Ғұлама ғалым адамзат тарихында алғаш рет ғылымға классификация жасап оны теориялық ғылымдар және практикалық ғылымдар деп екі топқа бөлген. Оның алғашқысына жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізсе, екінші тобына этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған. Нақтысын айтқанда, әл-Фарабидің еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті дейді ғалымдар. Бір айта кетерлігі, әл-Фарабидің балалық, жастық шағы туралы тұщымды мақлұмат жоқ. Тек жасы елуден асқан шағында Бағдат шаһарына қоныс аударған кезінен бастап қана айтыла бастайды. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы бабамыздың туған жері, ұлтына, тегіне қатысты қарама-қайшы пікірлер айтылып келді. Зерттеушілердің көбі Әбу насырдың тегіндегі Тархан сөзіне қарап қана түркі текті деп болжам жасап жүрді. Махмұд Қашқари өзінің «Диуани лұғат ат-түрк» атты әйгілі еңбегінде «Фараб қаласының түрікше атауы – Қарашоқы» деп жазады. Ал, арабтың Х ғасырда өмір сүрген әйгілі саяхатшы-географ ғалымы Әбу-л-Қасым ибн Хаукал өзінің «Саяхаттар мен мемлекеттер» деген еңбегінде «бұл шаһар – атақты философ әл-Фарабидің туған жері» деп көрсетеді. Бірақ соған қарамастан оны «өзбек», «тәжік» деп ұлтынан деп дәлелдемек болғандар да бар. Алайда, Әбсаттар Дербісәлі, Ғафур, жоғарыда атап өткеніміздей Жақыпбек Алтайұлы сынды ғалымдар «бабамыздың өмір сүрген заманында халықтар қазіргідей қазақ, өзбек, тәжік секілді жеке ұлт ретінде бөліне қойған жоқ, ол кісі түркі текті ойшыл болған. Яғни әл-Фараби бабамыз қазақ жерін мекендеген түрік тайпасынан шыққан. Бұл тайпа кейін қазақ халқының құрамына енді» деп өз байламдарын жасады.

Кітап карантинге қарсы…

29 сәуір күні Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Кітап карантинге қарсы: жаңа форматтағы кітапханалар» атты халықаралық онлайн-форум өткізді.

Кітапхана саласының барлық мамандары мен ғалымдарға ұлттық құндылықтарды сақтау, қолдау, рухани-адамгершілік және мәдени аспектілерді, жаңа вирустың пандемиясы кезінде кітапхана жұмысының бағытын сақтау мәселелері бойынша пікірталастық кездесуге қатысуға мүмкіндік беру үшін ақпараттық және ғылыми-мәдени онлайн-алаң құру мақсатын діттеген форум түрлі тақырыптарды талқыға салды.

Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының модераторлығымен өткен онлайн-форумға Ресей Федерациясы (Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір), Қытай Халық Республикасы, Италия, Румыния, Болгария, Малайзия, Түркия, Якутия, Чуваш, Өзбекстан (Хорезм, Бұхара, Самарқанд, Джизак, Науои, Әндіжан, Сырдария, Боз, Қашқадария, Наманған, Асақан, Жалақұдық, Қорғантелі, Қаракөл), Әзербайжан, Қырғызстан, Грузия, Удмуртия, Молдова мемлекеттерінің ұлттық кітапханалары мен еліміздің кітапханалары қатысты.

Конференция модераторы шара қатысушыларына алғыс білдіре отырып:

–Ұлы қазақ ақыны, философ, ойшыл Абай Құнанбайұлы «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деді. Бұл жоғары қасиеттер өмір бойы адамзат жинақтаған үздік әлемдік әдебиетті оқу арқылы ие болады. Бүгін әлемді вирус пандемиясы жаулаған кезде, адамдарға өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жетілдіруге кітапхана мен кітаптар алғашқы көмекшісі болды деп айтуға толық себеп бар. Өйткені, қазір карантин кезінде барша адамзат қауымы жаппай кітап оқуға кірісіп кетті, – деді.

Форум барысында баяндама жасаған Ресей мемлекеттік кітапханасының Бас директоры Дуда Вадим Вальеревич карантин кезіндегі атқарылған жұмыстарын атап өтіп, қашықтықтан жұмыс істеудің ерекше тәсілімен бөлісті.

– Біз қорымыздағы құжаттарды оқырмандарға жеткізуде тиімді тәсілді қолдандық. Оқырман белгілі бір бөлімге өтінім берген соң, сол кітап автоматты түрде сканерден өткізіліп, оқырманның жеке кабинетіне келіп түседі. Осы тәсілмен күніне 700-800 кітапқа тапсырыс қабылдап, оқырманға жеткіземіз. Схема бойынша жұмыс істеген өте тиімді деп танылып отыр және тіпті карантиннен кейін де осы әдіс арқылы жұмыс істеуді жалғастыра береміз. Осы жүйе арқылы ТМД елдері арасындағы электронды кітапханалар бірлесіп қызмет атқарамыз деп сенеміз, – деді Ресей мемлекеттік кітапханасының Бас директоры.

Кітапхананың әлемдік руханиятқа бірден-бір әсер етуші фактор екенін айтқан Рим (Италия) Ұлттық кітапханасы директорының халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Дезире де Стефано:

–Смарт жұмысымен байланысты мәселелерді жедел шеше алған IT-мамандардың атқаратын маңызды жұмысы туралы да ұмытпайық. Кітапханашылар ретінде біз барлық уақытта қолдау сұраған пайдаланушыларымызға жауап беруге тырыстық. Енді кітапхананы ашу жақындағанда, біз жаңа шешімдерді тауып, жаңа қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, жаңа қызметтерді ойлап табуымыз керек. Кітапхана тірі организм ретінде өздерін қайта ойластыруы және біздің алдымызға осы жаңа және жаһандық жағдайды қоятын қажеттіліктерге жауап беруі тиіс, – деп ойын тарқатты.

Малайзия Ұлттық кітапханасының Бас директоры Майзан Бинти Исмаилдің сөзінше, аталған кітапхананың электронды жүйесінде 24 миллион кітап сақталған екен. Егер оқырман онлайн тапсырыс берсе, кітапты үйіне жеткізіп береді. Сондай-ақ, карантин кезінде кітапханаға 23 000 жаңа оқырман тіркелген екен. Бұл, әрине, Малайзиядағы кітапханаға деген сұраныстың жоғарылығын көрсетсе керек.

«Оқытудан оқымақ жақсы» деп өзбек ақыны айтқандай, Алишер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы бөлім меңгерушісі Муратова Мухтарама карантиндік режім адамдардың интеллектуалдық деңгейін көтеруіне таптырмас мүмкіндік екенін тілге тиек етті.

Ал Саха Республикасы Ұлттық кітапханасы кітапханалық-ақпараттық қызмет бөлімінің меңгерушісі Попова Светлана Александровна:

– Кітапханашылардың барлығы цифрлық қызмет көрсетуде.  Электронды кітапханада 33 мың кітап бар. Жалпы қорда 1000600 кітап. Электрондық жүйедегі статистика бойынша ең көп оқылатын кітаптар қатарына якуттық авторлардың шығармаларын жатқызамыз. Соңғы мәлімет бойынша көш басында Н.А.Лугиновтың еңбектері оқырман сұранысына ие, – деп оқырман талғамындағы авторларды да атап өтті.

Әлемнің 15 елінен баяндамашылар қатысқан халықаралық конференция қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Онлайн-форумда кітапханалардың қашықтан жұмыс режімі, ақпараттық қызметтің құқықтық аспектілері, болашақ электрондық кітап, заңнамалық проблемалар мен бастамалар, карантин кезеңінде халықтың электрондық және баспа ақпаратына қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселелері аясында кітапханалық-ақпараттық инфрақұрылым мен аралас облыстарды дамыту саласындағы соңғы жетістіктер мен инновациялар жарияланатын болады.

Источник: https://egemen.kz/article/232737-kitap-karantinge-qarsy

Ресейде күніне 60 мың оқырман онлайн кітапхана қызметін пайдаланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен “Кітап карантинге қарсы: жаңа форматтағы кітапханалар” атты халықаралық онлайн форумда Қазақстан мен Ресей кітапханаларының директорлары өзара тәжірибелерімен бөлісті.

Форум Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сөзімен басталды. 

Осы форумға жиналып отырған барлық кітапхана өкіліне ризашылығымды білдіремін. Бұрыннан бәрімізге белгілі кітап ешқашан да ұмытылмайды. Қиын-қыстау кезеңде де кітапханалар болған және алдағы уақытта да бола бермек. Кітап – адам болашағының азығы. Кітап оқыған адам білімін арттырып, білмеген тұстарын осы кітаптан ала алады. Сондықтан бүгінгі форумда әрбір елдің кітапханаларының ерекшелігімен танысып, қызықты ақпараттар естиміз деп ойлаймын, – деді Ақтоты Райымқұлова. 

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова мекеменің тарихына тоқталды. 

Осы Ұлттық кітапхананы ең алғаш рет Ораз Жандосов басқарған еді. Қазір 100 жылдық тарихы бар кітапхана барлық елге танымал. Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, басқа да спорт және мәдениет саласының барлық мекемесі сияқты онлайн режимге көшті. Осы орайда, министрліктің жобаларын іске асыру барысында әлеуметтік желілерде оқырмандарымен бірге онлайн режимде конференциялар өткізіп, танымдық әңгімелесулер, лекциялар, оқыту семинарлары, шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Сонымен қатар, қоғам белсенділері, ақын-жазушылармен онлайн түрде қарым-қатынас жасап отырамыз. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, патриоттық рухты көтеретін бірнеше шараны ұйымдастырдық. Мұның барлығы карантин кезінде үйде отырған оқырмандардың көңілін кішкене болсын көтеруге, талантын ашуға, білімін толтыруға септігін тигізеді, – деді кітапхана директоры. 

Сонымен қатар, форум барысында Ресей кітапханасының директоры Дуда Вадим Қазақстан-Ресей арасындағы тарихи-мәдени байланыстың кеңейіп келе жатқандығын айтты. 

2016 жылдың 24 қарашасында Қазақстанның әдебиеті мен мәдениеті туралы кітаптар бар бұрыш Ресей кітапханасында салтанатты түрде ашылған еді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Қазіргі карантин режимі бәрімізді ойлануға, ізденуге, шыңдалуға берілген уақыт сияқты. Осы жерде біздің кітапханада қашықтан жұмыс жасап жатқандығын айтқым келеді. Осы онлайн режиде жұмыс істеудің бірнеше тәсілдерін қарастырдық. Арнайы жобалар іске қосылды. Оны оқырмандар сайтқа кіріп қарай алады. Кітап қорымыз үлкен деп айта аламын. 700-800-ге жуық кітап сайтқа орналастырылды. Тез таңдау арқылы кез келген оқырман өзі қалаған кітапты оқи алады. Тек қана біздің ғана оқырмандар емес, шетелдің азаматтарына түсінікті болу үшін аударылған нұсқалары да бар.  Осы карантин кезінде бір күнде 60 мыңға жуық оқырман сайтқа кіріп кітап оқиды. Бұл дегеніміз үш есеге өсіп отыр. Сондықтан біз әрі қарай да қорымызды кітаптармен толықтыратын боламыз, – деді Ресей кітапханасының директоры.

Источник: https://baq.kz/news/othernews/reseyde-kunine-60-myn-oqyrman-onlayn-kitapkhana-qyzmetin-paydalanady/

Ғарифолла Есім: Абайдың қол қойған құжаттары реттелуі керек

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елде түрлі шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Айталық, осыған дейін ойшылдың мұралары халықаралық деңгейде зерттеліп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Солардың бірі – Абай қол қойған құжаттар. Гүлзия Нақыпқызы, тілші: – Абай ел билеу ісіне белсене араласып, болыстық мандатқа бірнеше рет сайланған. Хәкімнің қызметте жүріп қол қойылған құжаттары жетерлік. Бізде тек бірен-сараны сақталған. Ғарифолла Есім, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы: – Абайдың қол қойған құжаттары реттелуі керек. Себебі, бұл тарихи деректер. Әрбір құжатты тауып, түсініктеме берілуі керек. Абай әкімшілік қызметте қызмет атқарған адам. Сондықтан ол кісінің құжаттарға қол қоюы заңды. Ол құжаттар әрбір архивтерде бар, тек зерттеу керек. Данышпан ақынның Семейдегі бас музейі 1940 жылы Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен Абайдың 95 жылдық мерейтойында ашылды. Халқымыздың рухани орталығына айналды. Алғашында мұнда бар-жоғы 277 экспонат болса, қазір 21 мыңнан астам түрлі жәдігер сақталған. Олардың ішінде 1885 жылы хәкім Абайдың өз қолымен жергілікті өлкетану мұражайына өткізген заттары да бар. Кісе белбеу, ағаш ыдыстар, Әйгерімнің ертоқымы сияқты 17 экспонат келушілердің көзіне оттай басылары анық. Сонымен қатар данышпан ақынның қолжазбалары, өзі қол қойған бірнеше құнды құжаттар бар. Жандос Әубәкір, Мемлекеттік қорық музейінің директоры: – Абайға тікелей қатысы бар адамдардың естеліктерінің түпнұсқасы бізде сақтаулы. Сонымен бірге Әуезов арқылы бізге келген Абайдың түпнұсқа суреті де бізде тұр. Абайдың Мағауияға жазған хаты, және өзінің болыс болған кезде қол қойған құжаттары да музей қорында сақтаулы. Тағы бір дерекке сенсек, Абай құқығы тапталған жесір әйелді қолдап, оған пайдасы тиетін құжаттарға қол қойған. Ол қағаз музейде сақтаулы. Бұл дегеніміз, басшылық қызметте де Абай дана, Абай дара бола білді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Болат Көкенайұлы, Наурыз Базаров

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/392927-arifolla-esim-abajdy-ol-oj-an-zhattary-rettelui-kerek

Елордадағы этнос өкілдері айтулы мерекеге орай челлендж бастады

Бас шаһардағы Достық үйінде 23 ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24» Ширек ғасырдан бері ұлтаралық келісімді насихаттап келе жатқан бұл ұйымдар биыл Қазақстан халқы бірлігі мерекесін жаңаша тойлауға дайындалып жатыр. Елордалық Достық үйінен ірге тепкен ұлттық орталықтардың бірі, немістердің «Wiedergeburt» қоғамы. 30 жылдан бері жемісті жұмыс атқарып келген ұйым әлеуметтік-мәдени жобаларды іске асырады. Карантинге байланысты достық мерекесін жылдағыдай тойлау мүмкін болмады. Десе, орталық орайын тауып, мерекелік челленджді қолға алған. Евгения Гизик, «Wiedergeburt» неміс қоғамы төрағасының орынбасары: – Бүгін ғана Қазақстан халқы бірлігінің күні қарсаңында балаларымыз ұйымдастырған челледжді инстаграм парақшаға жүктеген едік. Баршаға ортақ челледж арқылы достық дестесін жасадық. Әр ұлттың баласы қолдан бір-бір гүлден тіккен еді, ал біздің қолөнершіміз Татьяна Тарасовна бәрін бір дестеге жинады. Осылайша, біз бір халық екенімізді білдірдік. Корей ұлттық орталығы да отыз жылда ұлттық дәстүрін қадірлейтін жаңа буынды тәрбиелеп үлгерген. Халықтың ыстық ықыласына ие ән және би ансамбльдері осы уақытта ел ішінде жеке концерт беретін еді. Тек биыл бұл жоспарлары кейінге ысырылды. Роза Пак, қалалық корей бірлестігі төрағасының орынбасары: – Бұл кезең барлығына бірдей ауыр тигені белгілі. Дегенмен, мұны да иық тіресе бірге өткереміз. Сабырлық таныту керек, сонда бәрі де жақсы болады. Елбасының қатысуымен ашылған осынау Достық үйі барлық этномәдени басшыларының бас қосып, ортақ идеяларын жүзеге асыратын достық ордасы. Тілі бөлек, тілегі бір этно-мәдени орталықтар жұмысын бір сәтке де тоқтатқан емес. Еңсемізді түсірмей, бір-бірімізге демеу болсақ, індеттің бетін қиналмай қайтара аламыз дейді олар.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Асхат Қарақойшиев

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/392722-elordada-y-etnos-kilderi-ajtuly-merekege-oraj-chellendzh-bastady