Азамат Тасқараұлы

ТУҒАН ЖЕР

Осы ма ұзын дүнием қарыс болған,
Қай кезде қара жұртым алыс қалған?!.
“Әжеңнің құрты бар ма?” – деп сұраймын,
Ауылға барып-қайтқан таныстардан.

Құйындай құла дүзде ескен серек,
Аңсаймын жүк теңдеген көш көрсе деп.
Аңсаймын шаңырақтың желбауын да,
Есілген ат қылынан бестемшелеп.

Қонса егер қазбауыр бұлт түсіме ерен,
Бұл қызыл топырағымның күші дер ем.
Аспаннан әр төбеге қарағым бар,
Орауыз кезқұйрықтай кісінеген.

Аз күннің көрінгенде бәрі жалған,
Ауылдың құбылады сағымы алдан.
Тайлақ та туған жерін аңсайды ғой,
Тізесін тандыр құмға қарып алған.

Қасқа атым босағандай жетегімнен,
Күйік пе, көкіректе от өрілген?..
Жайлы бір жазды аңсаймын, қазды аңсаймын,
Мамырлай көл бетінен көтерілген.

Білмеймін, балаң көпке жарыды ма,
Ризамыз рауан таңның жарығына.
Туған жер!
Жүрсең – ыстық, өлсең – суық,
Осынша тең болар ма ең әр ұлыңа?!.

Қасқайып не күтсек те енді күннен,
Сәттерде қас-қабақтан шер білінген,
Атамның иісін сезіп мәз боламын,
Көкжалдың терісінен төрге ілінген.

Азамат Тасқараұлы

Батырхан Шөкеновтің баласы флешмоб үшін алғыс білдірді

«Хабар» агенттігі ұйымдастырған Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған флешмобты алыстағы Америка елінде де көрді, деп хабарлайды «Хабар 24». Шешесі Екатеринамен Флорида штатында тұрып жатқан аты аңызға айналған әнші, композитор Батырхан Шүкеновтің ұлы Мақсұт тілшіміз Майра Әбдірахмановаға берген сұхбатында шараға қатысушылардың барлығына әкесін еске алып, қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді. Мақсұт Шөкенов Б Шөкеновтың ұлы: – Барлығыңызға сәлем. Мен флешмобқа қатысқандар мен менің әкемнің әндерін тыңдап, оны әрқашан естерінде сақтап жүрген адамдардың бәріне алғысымды білдіремін. Осы керемет идея үшін «Хабар» агенттігіне ризашылығымды жеткізгім келеді. Маған өте ұнады. Осы жазда көрісеміз деп ойламын.

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/396964-batyrkhan-sh-kenovti-balasy-fleshmob-shin-al-ys-bildirdi

Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, даңқты композитор, әнші Батырхан Шөкеновтің туған күні, деп хабарлайды «Хабар 24». Тірі болса 58 жасқа толар еді. «Хабар» агенттігі қоңыр үнімен талай жүректі тербеткен өнерпаздың мұрасын ерекше форматта насихаттады. Еліміз бен бірқатар көрші мемлекетте «Батырдың әнін бірге шырқайық» деп аталатын флешмоб ұйымдастырылды.  Батырхан Шөкеновті тек қазақ қана емес күллі ТМД елі құрметтейді. Мәні мол, маңызы зор туындылары талай ұрпаққа аманат. «Хабар» агенттігі бұл тағылымды насихаттауға үлес қосуда. Арнайы флешмоб ұйымдастырып, рухты әндерді қайта көңілге тоқуға мүмкіндік берді.  Іс-шара елордадан бастау алды. Қазақконцерт ұжымы тікелей эфирде «Отан Ана» әнін нақышына келтіре шырқады. Халқы «Батыр» деп еркелететін әнші-композитордың туған жері Қызылорда облысы да флешмобтан шет қалмады. Жерлестері көңілдегі сағынышын «Қайран көңіл-ай» әнімен жеткізді. Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа жиналған олар марқұмның рухына осылай тағзым етті.  Батырхан Шөкеновті қырғыз бауырлар да сағынған екен. Бастаманы қуана қабылдады. Дамира Шамбаева, әншінің жанкүйері: – Батырхан Шөкеновті алғаш рет Алла Пугачеваның жаңа жылдық кешінде көрген едім. Бағдарламаға өзге де әндердің авторлары қатысып жатқан. Бір кезде жап-жас, шашы дудыраған қазақтың сұлу жігіті шығып, ән шырқады. Мұндайда Батырханды қалайша есте сақтамайсың? Біріншіден, өзі Азияның жігіті, екіншіден, өзінің киім үлгісі, ән айту мәнері бөлек-тұғын. Иә, «А-Студио» және «Солдат моей любви» әні осылай есіме сақталып қалды. Әнішіні қос ел Қазақстан мен Ресей қолдады. Шығармалары мәскеулік тыңдармандардың жадында. Соның дәлелі болар  флешмобқа олар да үн қосты. Батыр Алмадиев, әншінің жанкүйері: – Біз Батырхан Камалұлымен таныс болдық. Әрине, ол менің ұстазым және мен ол кісіні үлгі тұтамын. Оның шығармашылығы маған жақын болатын. Оның қарапайымдылығы  мен ізеттілігі баурап алатын. Ол махаббат жайлы, Отанға, адамға деген сүйіспеншілік пен романтикалық әндер жазатын. Батырхан Шөкеновтей даңқты әнішіні түлеткен өнер ордасы Алматы еді. Мұндағы жастар бұл күні «Джулия» әнін шырқады. Олар өнерпазға деген құрметін осылай білдірді. Бибігүл Ақтан, актриса: – Мен  Батырхан ағаны бала күнімнен білемін. Жарқын адам болатын.  Қарапайымдылығымен есте қалды. Шынымды айтсам, қатты сағынамын. Аспан асты елінде де Батырханның тыңдармандары бар екен. Олар да сәлем жолдады. Әйгерім Сәсенова, әншінің жанкүйері, – Біз бүгін жерлесіміз, белгілі әнші, композиторымыз Батырхан Шөкеновтың туған күніне арналған осындай флешмобқа қатысқанымызға қуаныштымыз. Батырхан Шөкеновтың шығармашылығын сүйіп тыңдаймыз. Баласының аты өшпей, даңқы артқанына ана жүрегі қуанады, әрине. Длара Ибрагимқызы Батыр ағамыздың жоқтаушылары барына тәубе дейді. Длара Ибрагимқызы, Б.Шөкеновтің анасы: – Көп тыңдаймын, әсіресе соңғы екі күннен бері мазам болмай жүр. Ана үшін өте ауыр, әрине деген. Бірақ адамдар хабарласқан кезде қуанышты боламын. «Ойпырмай, менің балам өлмеген екен ғой, мына әні өлмесе, бала өлмеген екен ғой» деп бір жағынан Құдайға да шүкіршілік етемін. «Отан Ана», «Сағым дүние» секілді шоқтығы биік туындылар әр тыңдарманның жадында сақталады. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болары сөзсіз. Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марат Дихамбаев

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/396726-batyrkhan-sh-kenovti-sheteldegi-zhank-jerleri-fleshmob-a-n-osty

Бүгін Халықаралық музейлер күні, деп хабарлайды «Хабар 24». Мерекеге орай Ұлттық мұражайда «Музей түні» акциясы өтті. Еліміздегі ахуалға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған. Бұл іс-шара «Бір біргеміз» тақырыбында әлеуметтік желі арқылы жүргізілді. Акция Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауымен басталды. Бағдарлама барысында көрермендер назарына «Ұлы Дала жауһарлары» және «Ұлттық музей – ұлт айнасы» атты деректі фильмдер ұсынылды. Алмаз Нұразхан, ҚР ұлттық музей директорының орынбасары: – Онлайн форматта фондттың ішін көрсетеміз. Қазір біз тек экскурсия емес, ғалымдарды, археологтарды қостық.Олар міндетті түрде жәдігер туралы ерекше сұхбат береді. Бұрын ондай мүмкіндік болған жоқ. «Мүзей түні» ашылғаннан бері, яғни 14 жылдан бері өтіп жатыр.

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/396714-elordada-muzej-t-ni-aktsiyasy-tti