Нұр-Сұлтанда ақмолалық Ұлы Отан соғысының батырлары туралы кітап таныстырылды

Бүгін Нұр-Сұлтан әкімдігінде «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Онда ақмолалықтардың Ұлы Жеңіске қосқан ерен еңбегі суреттелген, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. Кітапты басып шығару идеясы өткен жылы елорданың ардагерлер кеңесінде пайда болған. «Редакциялық алқа құрылып, оның құрамына журналистер мен ардагерлер кеңесінің мүшелері кірді. Уақыттың аздығына қарамастан біз соғысқа осы өңірден аттанған азаматтардың өмірбаяндарын жинап, соғыстың куәгерлері – көзі тірі арагерлермен кездестік. Кітапты жазу кезінде біздің өңіріміздің батырлардың отаны екеніне көзіміз жетті. 500 жауынгер – Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағының батырларының 44-і Ақмола облысының тумасы. Бұл кітап олардың өшпес ерлігін еске салуға арналған. Оны дайындағандағы тағы бір мақсатымыз – жас ұрпаққа туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтанышты дәріптеу. Қазіргі балалар аға буын көрген соғыс пен қатаң сынақ туралы білуі тиіс», – деген белгілі журналист Ғалия Балтабай кітап мектеп кітапханаларына түссе деген тілегін де жеткізді. Кітапқа тек соғысқа қатысқан жауынгерлер ғана емес, тылда еңбек еткен азаматтардың да есімдері енді. «Бұл кітап – қан майданда жан тапсырған батырлар мен тылда жұмыс істеген азаматтарға деген біздің алғысымыз», – деді елорданың ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Есілов. «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» кітабы 500 данамен қазақ және орыс тілдерінде шықты.

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/393937-n-r-s-ltanda-a-molaly-ly-otan-so-ysyny-batyrlary-turaly-kitap-tanystyryldy

Bookmark the permalink.

Comments are closed.