Әбіш – барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы Ә.Кекілбаевтың тарихи тұлғаларға арналған еңбектерін негізінен екіге бөліп қараймыз: Бірінші, әдеби-көркем шығармалардағы тарихи тұлғалар (Абыл, Сүйінғара, Бекет ата, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр хан, Абылай, т.б.). Екінші, ғылыми зерттеулерінде қамтылған тарихи тұлғалар. Олар негізінен: Қарабура, Шотан батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әбілқайыр, Барақ сұлтан… Әбіш – әдебиет майданында кемел ой, көркем сөзімен белгілі жазушы. Қандай шығармасы болса да оқушысын баурап алады. Оның кейіпкері Еңсеп – тек еңбек адамы ғана емес, өнер адамы. Абыл шерткен керемет күйлерді және тарихымыздың аса қиын кездерін суреттейтін шығармасы – халық тағдырын жан-жақты бейнелейтін туынды. Қазақтың атбегілеріне арнаған шығармасы қандай болса, «Автомобиль» де сәйгүлікке мінгендей делебеңді қоздырады. Өндіріс пен геология тақырыбына жазған шығармаларында да – «Ұйқыдағы арудың оянуы», т.б. – халқымыздың тарихы қамтылған. Әбіш – барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы. Қаламгердің алғаш жарыққа шыққан шығармасы «Бір шөкім бұлт» болатын. Осы шығармасының өзі оның үлкен сөз зергері екенін көрсеткен-ді. Көп ұзамай, 1967 жылы «Күй» жарық көрді. «Күй» классикалық туынды болатын. Әрине, кезінде оны өз дәрежесінде бағалағандар аз еді. Сол аздың ішінде Г. Бельгер: «…«Күй» стиліндегі эпиктерге тән байсалды баяндау, философиялық, психологиялық тереңдіктерге бару, кең тынысты, бейнелі, иірімді тілдік құралдарды пайдалану секілді ерекшеліктерімен құнды”, – деген болатын.

Bookmark the permalink.

Comments are closed.