Азамат Тасқараұлы

ТУҒАН ЖЕР

Осы ма ұзын дүнием қарыс болған,
Қай кезде қара жұртым алыс қалған?!.
“Әжеңнің құрты бар ма?” – деп сұраймын,
Ауылға барып-қайтқан таныстардан.

Құйындай құла дүзде ескен серек,
Аңсаймын жүк теңдеген көш көрсе деп.
Аңсаймын шаңырақтың желбауын да,
Есілген ат қылынан бестемшелеп.

Қонса егер қазбауыр бұлт түсіме ерен,
Бұл қызыл топырағымның күші дер ем.
Аспаннан әр төбеге қарағым бар,
Орауыз кезқұйрықтай кісінеген.

Аз күннің көрінгенде бәрі жалған,
Ауылдың құбылады сағымы алдан.
Тайлақ та туған жерін аңсайды ғой,
Тізесін тандыр құмға қарып алған.

Қасқа атым босағандай жетегімнен,
Күйік пе, көкіректе от өрілген?..
Жайлы бір жазды аңсаймын, қазды аңсаймын,
Мамырлай көл бетінен көтерілген.

Білмеймін, балаң көпке жарыды ма,
Ризамыз рауан таңның жарығына.
Туған жер!
Жүрсең – ыстық, өлсең – суық,
Осынша тең болар ма ең әр ұлыңа?!.

Қасқайып не күтсек те енді күннен,
Сәттерде қас-қабақтан шер білінген,
Атамның иісін сезіп мәз боламын,
Көкжалдың терісінен төрге ілінген.

Азамат Тасқараұлы

Bookmark the permalink.

Comments are closed.