Қалжан Ахун мешіт-медресе

Қалжан ахун мешіт-медресе – сәулет өнерінің ескерткіші. Діни ғұлама Қалжан ахун Бөлекбайұлы салдырған. Әйгілі Көкілташтың кішкентай көшірмесі секілді медресе құрылысы 1902 жылдан бастау алады. Жобасы Бұқарада жасалған ғимаратты салуға сол тұста теміржол құрылысына жетекшілік еткен швед инженерлері мен жұмысшылар көмектессе керек. Ал кірпішін Наурызбай, Таңатар есімді жергілікті шеберлер өріп шығыпты. Мешіт-медресе құрылысы ахунның қайтыс болғанына 6 жыл өткенде, яғни 1922 жылы толық аяқталады. Ғимараттың тағы бір ерекшелігі – іргетасы. Табанына күйдірілген кірпіштен конус пішінінде қаланған кірпіштер әлі сол күйінде жатыр.

Тоқсаныншы жылдары мешіт-медресені жөндеуге жиылған жұрт іргетастың құрылыс аумағынан тыс 8 метрге созылып жатқанын анықтаған. Бұл ғимарат жобасының қазіргі қалпынан әлдеқайда ауқымды болғанын көрсетеді.

Мешіт-медресе ауласына кіреберісте намазхана орналасқан. Қалған бөлменің бәрі бала оқытуға арналып, сыныптық жүйеде салынған. Әр бөлменің кіреберіс маңдайшасындағы ойықтарға пән аты жазылған болуы керек.

1922-1930 жылдары алғашқыда «Ақжол» мектеп-интернаты, кейін жеті жылдық мектеп болды. 1937 жылы кеңес белсенділері бұзған. 1989 жылы мешіт-медресе облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының есебіне алынған. Соңғы жылдары реставрация жасалып, ежелгі бейнесін қайта тапқандай болған кешеннің аумағы кеңейіп, туристік нысан ретінде маңызы жоғарылай түсті.

Comments are closed.