Мұстафа Шоқай

Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат. Алаш партиясында болды, Түркістан автономиясының басында тұрды. 21 жыл Еуропада эмиграцияда жүріп, қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлға.

Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсан күні сол кездегі Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы ауылында дүниеге келген. Атасы Торғай датқа – Қоқан хандығында жоғары әскери шенге ие би болған адам. Торғай датқа екі рет қажылыққа барған.

Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясы мен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін аяқтаған.

Мұстафа Шоқай бірнеше тілде еркін сөйлеп, полиглот болған. Орыс, неміс, ағылшын, француз, түрік, өзбек тілдерін білген. Көптеген тілдерді білуіне байланысты Мұстафа Шоқайға Парижде, Лондонда, Стамбулда, Варшавада аналитикалық шолулар жасауға және баяндамалар жасауға мүмкіндік туды. Шетел басылымдарында саяси шолулар мен Түркі әлеміне байланысты зерттеулерді жариялап тұрған.

Өмірінің бірнеше жылын өткізген Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайдың бюсті мен ескерткіш тақтасы орналасқан. Бұл ескерткіштерді Париждегі қазақ диаспорасы қолға алып, жүзеге асырған. Алаш қайраткері Францияға 1921 жылы жазда әйелі Мария Шоқаймен бірге келген. Парижде өмір сүру өте қиын болғандықтан, 1923 жылы әйелімен Париждің оңтүстігіндегі, 15 км қашықтықтағы Ножан-Сюр-Марн қаласына көшіп келген. Ножан-Сюр-Марн қаласындағы Мұстафа Шоқай ескерткішінің авторы мүсінші Амангелді Кененбаев.

Ұлт қайраткері, алаш арысы Мұстафа Шоқайға туған жері Шиелі ауданында, Қызылорда қаласында, Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында ескерткіш орнатылған.

Comments are closed.