Алматы облысының тарихи тұлғалары

1. Есім Төре

Есім Төре. Қазақстан тарихындағы аңыз тұлғалардың бірі. Ол 1852 жылы қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданы Шоқты ауылында дүниеге келген. Ол ауыр жылдары өз жерлестеріне ғана емес, басқа өңірлерден жәрдем сұрап келгендерге де көмегін аямаған. Ел аузында Есім Төренің жылқысын айдағанда Шынжылы өзенінің ағысы тоқтап қалатын деген аңыз да тараған. Есім Төренің өнердің дамуына қаржылай көмек бергені белгілі. Сонымен бірге ол Романовтардың 250 жылдығын тойлауға Санк-Петербург қаласына шақырылғандардың бірі болған.

2. Ілияс Жансүгіров

Қазақ халқының  үш бәйтерегінің бірі, ақын және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.Ілиястың Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде былай жазады: “Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым”.                                                                                                       

3.Бердібек Соқпақбаев

Қазақ балалар жазушысы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында  дүниеге келген. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген соң Нарынқол ауданында мұғалім болды. «Жұлдыз», «Балдырған» журналында, Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызмет атқарды . «Бұлақ»  өлеңдер жинағы, «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Алыстағы ауылда», «Балалық шаққа саяхат», «Дала жүлдызы», «Аяжан», «Гауһар» повестерін жазды. «Менің атым Қожа» кітабы балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. 1963 жылы «Қазакфильм» студиясы сол кітап бойынша жазылған киносценарийді экранға шығарды. «Балалық шаққа саяхат» атты повесі бойынша жазылған киносценарийі де фильмғе түсірілді . «Менің атым Қожа» фильмі француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде арнайы сыйлыққа ие болды.

Comments are closed.